Наоми Осака Уханьдағы WTA 1000 турниріне қатыспайды
Жапониялық теннисші Наоми Осака 12–18 қазан аралығында өтетін Уханьдағы WTA 1000 турниріне қатыспайды. Бұл туралы спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Осака Пекиндегі турнирдің 1/8 финалында чехиялық Каролина Муховаға 5:7, 6:1, 6:7(7) есебімен есе жіберіп, жарыстан шығып қалған еді.
Теннисші осы кездесуден кейін жанкүйерлеріне үндеу жасап, Бад-Хомбургтегі турнирден бері алғаш рет ахилл сіңірінің мазаламағанын атап өтті. Сондай-ақ матч бойы зейінін сақтай алғанына риза екенін айтты.
«Бұл матч мен үшін өте маңызды болды. Нәтиже мен қалағандай болмаса да, Бад-Хомбургтен бері алғаш рет ахилл сіңірім мазаламағанына қуаныштымын. Матч бойы зейінімді сақтай алғаныма да ризамын.
Жанкүйерлердің менің нәтижеме көңілі қалғанын көрдім. Бірақ, өтінемін, мұңаймаңыздар. Мен өзімді қазір өте бақытты сезініп тұрмын. Үйге қайтып, сүйкімді қызымды көремін. Ұзақ уақыттан кейін туған күнімді алғаш рет отбасыммен бірге атап өтемін.
Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Ал келесі мүмкіндік Токиода болады. Барлығы міндетті түрде жақсы болады», – деді төрт дүркін «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы.
Наоми Осака 16 қазанда 29 жасқа толады.